ТЕРМИНОЛОГИЯНЫҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ МЕН ТЕРМИНТАНЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.62724/202540201Кілт сөздер:
Терминология, терминтану, терминжасам, ғылыми стиль, арнаулы лексика, қазақ терминологиясы, терминологиялық жүйе.Аңдатпа
Бұл зерттеу жұмысында терминология ғылымының ғылыми-теориялық негіздері мен терминтаным мәселелері жан-жақты қарастырылады. Зерттеу жұмысының мақсаты – терминологияның даму тарихын, оның тіл біліміндегі орнын және өзге елдердегі терминжасам үдерісі мен қалыптасқан ғылыми көзқарастарды саралап, түрлі ғылыми әдіс-тәсілдер арқылы ұғыну, қазақ терминжасаманың өзіндік табиғатын ашу. Зерттеу нәтижесінде қазақ терминологиясының тіл білімі мен жалпы ғылымдар шоғырындағы маңыздылығы, ерекшелігі айқын көрінді.Терминологияның тіл біліміндегі орны, оның пән ретінде оқытылуының маңыздылығы, теория мен практиканың байланысы, сондай-ақ терминжасам үдерісі мен құрылымдық ерекшеліктері талданған. Автор қазақ терминологиясының қалыптасу кезеңдері мен даму бағыттарын отандық және шетелдік терминтанушылардың ғылыми көзқарастары негізінде жүйелеп көрсетеді. Сонымен қатар, орыс және еуропалық терминологиялық мектептердің тәжірибесі салыстырмалы түрде қарастырылып, ұлттық терминқорды қалыптастырудағы ерекшеліктер айқындалған. Зерттеу барысында термин, номен, терминоид, арғытермин сынды ұғымдарға талдау жасалып, олардың ғылыми қолданыстағы айырмашылықтары нақты мысалдармен түсіндіріледі. Терминологияны жоғары оқу орындарында арнайы пән ретінде оқытудың өзектілігі дәлелденіп, білім беру жүйесіндегі тиімді әдіс-тәсілдер мен цифрлық ресурстардың рөлі атап көрсетіледі. Жұмыс терминология ғылымының құрылымы, әдіснамасы, терминжасам үлгілері және ғылым тілі ретіндегі функционалды қызметін ашуға бағытталған. Зерттеу барысында контент-талдау, салыстыру әдістері арқылы қазақ терминологиясының оқытылуындағы жаңаша өзіндік бағыттарын анықтау мүмкін болды. Сонымен бірге, термин стандарттау, біріздендіру, аударма және көптілді терминқор жасау мәселелері де зерттеу нысанынан тыс қалмаған. Терминологияның дамуындағы қоғамдық-саяси факторлар мен тілдік мәдениеттің ықпалы да ерекше назарға алынған, бұл жұмысқа тіл саясаты мен әлеуметтік қажеттіліктердің әсері кеңінен талданған.