ПАРОНИМ СӨЗДЕР ЖӘНЕ СӨЗ ДӘЛДІГІ
DOI:
https://doi.org/10.62724/202530202Кілт сөздер:
Паронимдер, сөз дәлдігі, тіл мәдениеті, лексикалық қате, стилистикалық айшық, парономазия, лексика-семантикалық топтар.Аңдатпа
Бүгінгі тіл мәдениеті мен сауатты коммуникацияның маңызы артып отырған кезеңде, сөз дәлдігін сақтау – маңызды лингвостилистикалық талаптардың бірі. Мақала қазақ тіл білімінде әлі арнайы зерттеліп, табиғаты ашыла қоймаған паронимия мәселесіне арналып отыр. Қазіргі тіл практикасында паронимдерге қатысты қателерді ауызекі сөйлеу тілінде ғана емес, әдеби тілде жазылған мәтіндерден байқап, көріп жүрміз. Бұл зерттеліп отырған тақырыптың өзектілігін, маңыздылығын айқын көрсетеді.
Зерттеу жұмысының мақсаты – қазақ тіліндегі пароним сөздердің табиғатын ашып түсіндіру, олардың мағынасы мен стилистикалық реңтерін, фунционалдық сипатын айқындау. Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер қойылды: пароним деп танылып жүрген жұп сөздердің шетелдік және қазақ тіл білімінде зерттелуіне шолу, қазақ тіліндегі паронимдердің семантикалық, стилистикалық ерекшеліктерін саралап, олардың нормаға сай қолданылу жолдарын ұсыну, тіліміздегі өзіне ұқсас басқа лексика-семантикалық топтармен ұқсас-айырмашылық жақтарын көрсету, әдеби тіл нормасына сәйкес қолданысын, сондай-ақ оларды ажырата алмаудан туындайтын жиі қателіктерді талдау. Зерттеу нәтижесінде ғылыми еңбектерге шолу жасалды, тілімізде пароним деп танылып жүрген паронимдік жұптарға мысалдар келтіріліп, жаңсақ қолданылу себептері айқындалды. Сонымен қатар, тілдік дәлдікке нұқсан келтіретін қате қолданыстарға нақты мысалдар келтіріліп, оларды түзету жолдары ұсынылды.
Мақалада белгілі ғалымдар М. Балақаев, Р. Сыздық, Н. Шәкеев, Х.Нұрмұқановтардың тілімізде қиындық тудырып жүрген, мағыналары әр басқа, дыбысталуы ұқсас, осындай сөздердің мағыналарын айқындап, саралау қажеттігі туралы айтқан пікірлері, ұсыныстары талданды. Осы пікірлердің нәтижесінде, пароним деп танылып жүрген лексикалық бірліктердің сөйлеу тілінің нәтижесі ғана емес, өзіне тән белгілері бар, тілдік жүйеге жататын лексика-семантикалық топ ретінде қарастыруға болады деген тұжырым келтірілді.
Паронимдік жұп сөздердің әрқайсысына тән мағыналық, стильдік, қолданымдық ерекшеліктерді айқындап көрсету үшін салыстырмалы, семантикалық және стилистикалық, кей тұстарда этимологиялық және лексикографиялық талдау әдістері қолданылды.