МҰРАТ МӨҢКЕҰЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ АЗАТТЫҚ ОЙ: ҚАЖЫМ ЖҰМАЛИЕВ ЗЕРТТЕУЛЕРІ НЕГІЗІНДЕ
DOI:
https://doi.org/10.62724/202420203Кілт сөздер:
Төл әдебиет, тарихи жад, отаршылдық, ызғарлы жылдар, қолжазба, «Ел ауа» көтерілісі, ата қоныс.Аңдатпа
Мақалада ХІХ ғасыр қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, суырыпсалма ақын Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығы сөз болып, әдебиеттану ғылымы талаптары тұрғысынан қарастырылады. Бұған дейін Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығы аға буын әдебиет зерттеуші ғалымдар еңбектерінде көбіне көп «Зар заман» өкілі ретінде қарастырылып, оның азаттықты аңсаған үні жеткілікті дәрежеде насихатталмағандығы байқалатындықтан, ХІХ ғасыр әдебиетіндегі азаттық ойды Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығы негізінде әдеби ортаға ғылыми аспектіде интерпретациялауға және таныстыруға бағытталған.
Мұрат Мөңкеұлы ХІХ ғасырдың көп өкілінің бірі емес, қазақтың тарих сахнасынан жоғалып кетпеуі үшін атқа қонған елді бастаушы, бағыт көрсетуші күрескер ақын.
Мақалада Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығын оқыту мен зерттеу және ақын толғаулары мен өлеңдерін хронологилық және салыстырмалы-тарихи, герменевтикалық әдістер тұрғысынан зерттеу мақсаты алға қойылған. Бұл әдістер арқылы автордың уақыт пен кеңістік, тарих, әлем мен адам болмысы туралы жеке ой-түсініктері мен реалды әлемді және кейіпкерлерінің ішкі әлемін модельдеу әдістері қарастырылады. Ақын шығармашылығы арқылы ХІХ ғасырдағы орыс басқыншылығының қазақ болмысына қаншалықты кері әсері болғандығына оқырман назарын аударуды көздейді. Сонымен қатар, автордың өлеңдері мен толғауларындағы қазақ халқының тарихы мен қоғамындағы күрделі мәселелердің әлеуметтік-қоғамдық, мәдени сипаты айқындалады. Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығындағы ұлттық болмыс пен азаттық ой астарланған шумақтар мәтінінің қабаттық деңгейлері көрсетіледі.
Зерттеудің ғылыми және практикалық құндылығы қазақ әдебиеттану ғылымында кеңестік кезеңнен қалыптасқан жекелеген пайымдардың бүгінгі тәуелсіз ел ұстанымы тұрғысынан қайта бағалануына, әрі отандық әдебиеттану саласының әдіснамалық-теориялық қырын жетілдіруге үлес қосатындығымен өлшенеді.