А. АЛТАЙДЫҢ «ТУАЖАТ» РОМАНЫНДАҒЫ НЕОМИФОЛОГИЯЛЫҚ МОТИВТЕРДІҢ АРХЕТИПТІК НЫШАНДАРЫ
DOI:
https://doi.org/10.62724/202430204Кілт сөздер:
архетип, постмодерн, мифология, мифтену үрдісі, неомифология, авторлық миф.Аңдатпа
Мақалада А. Алтайдың «Туажат» романындағы неомифологиялық мотивтердің арғықазақ мифтерінде көрініс тапқан архетиптік нышандар қарастырылады. Әлемдік және отандық әдебиетте мифке деген қызығушылық пен ізденіс арта түспесе кеміген жоқ. Қазақ мәдениетінің құрамдасы болып саналатын ұлттық әдебиетіміздің прозасы да бұл үрдістен тыс қалған емес. Қазіргі адамзат қоғамы қанша жерден экномикалық қиыншылыққа кездесіп отырса да, заманалық отандық әдебиет рухани-мәдени жаңғыру үстінде. Бүгінгі күнгі төл әдебиетіміз арғы қазақ архетипінен нәр алып, замана талабына жауап беретіндей шығармалар жазылып жатыр. Ұлт жазушылары мифтің көмегімен әлемдік мәдениетте көрініс тапқан мистикалық, утопиялық және қорқыныш-үрей тудыратын фобиялық шығармашылық формаларына еркін бойлап, өз ойларын символдық астарлы бейнеде суреттейді.
Мифология Асқар Алтай шығармашылығында өзіндік поэтикалық ойлауына айналып отыр. Осындай ойлау машығы автордың реалистік және постмодерндік ағымдардың мифтену үрдісінің табиғатын толық шығармашылықпен меңгергендігін танытады. Бүгінгі қоғамға жат түрлі жағымсыз құбылыстарды бейнелеуде автор өз назарын миф пен фольклорға аударады. Сондай-ақ ол бұрынғы тұрақты және дәстүрлі мифтік шаблондарды түрлі өзгеріске түсіріп байытты.
Көркем прозаның философия және психологияға жақындығы бүгінгі әдебиеттануда дәлелденген ақиқат. Сондықтан бүгінгі реализм үстемдігінен бірте-бірте алшақтап, жаңа абсурдтық, визуалдық және мистикалық шығармалардың өмірге келу дәуірі авторлық мифпен байланысты.
Осылайша ХХІ ғасыр басында түрлі жанрда жазған қазақ прозаиктері әлемдік және арғықазақтық мифологиялық материалдарды еркін меңгеруге кірісті. Асқар Алтай шығармашылығында түрлі мәдени ареалдар мен әдеби реминисценциялардың басын көркем мәтін кеңістігінде бір жерге қосты. Автор дәстүршілдіктің орнына өзіндік қасиетке ие, сөйлеу мәнері де өзге, өмірді түсінуі де бөлек заманалық «әңгімеші» баяндайтын жаңа мифтемелерді тудырды.