ХАЗІРЕТ ДОСЖАН ҚАШАҚҰЛЫНЫҢ ӨМІРІ МЕН ДІНИ-РУХАНИ ҚЫЗМЕТІ
DOI:
https://doi.org/10.62724/202620106Кілт сөздер:
Досжан Хазірет, ишан, қазақ даласы, қажылық, Ресей империясы, отаршылдық, мешіт, мектеп, ағартушылық, кәсіпке баулуАңдатпа
Бұл мақалада XIX ғасырда өмір сүрген Досжан Қашақұлы туралы баяндалады. Ғылыми зерттеудің обьектісі – XIX ғасырдағы қазақ даласындағы дәстүрлі ислам дінінің дамуы мен мұндағы рухани-ағартушылық қызмет болып табылады. Ресей патшалығы тұсында Ресей мұсылмандарына жүргізілген рухани-отарлау саясатына қарамастан қазақ даласында дәстүрлі ислам өкілдері рухани-ағарту саласында өз қызметтерін жүргізді. Ғылыми мақаланың пәні ретінде сондай тұлғалардың бірі Досжан хазіреттің өмірі, ғибратты ғұмыр жолы мен діни және рухани бағыттағы қызметі терең сипатталады. Ресей патшалығының мақсаты империяның шет аймақтарында отарлау басқару жүйесін күшейту еді, соның ішінде түркі-мұсылман әлеміне христиан дінін енгізу арқылы. Осындай отарлау саясатына қарсы бағытталған Досжан хазіреттің қазақ мұсылмандарының дербестігі мен рухани тәуелсіздігі жолындағы күресі, Меккедегі қазақ тәкиесін (қонақ үй) салдыруға қосқан үлесі қарастырылады. Мақалада Досжан ишанның қазақ қоғамындағы дәстүрлі ислам құндылықтарын сақтап қана қоймай оны насихаттаудағы тарихи орны айқындалады.
Зерттеуде Досжан Қашақұлының қазақ даласына ислам мәдениетін таратушы тұлға, діни қайраткер ғана емес,сонымен қатар халықты білімге шақырып, жүздеген шәкіртті тәрбиелеп оқытқан ағартушы болғандығы ашық көрсетіледі. Сонымен қатар өзгерген жағдайда елді отырықшылыққа, егіншілікпен айналысуға, бау-бақша егуге шақыру арқылы жастарды кәсіпке баулыған өнегелі істері кешенді түрде қарастырылады.
Жұмыстың нәтижесі Досжан хазіреттің қазақ даласының қаралып отырған кезеңдегі рухани өмірінде алатын орнын тарихи тұрғыдан сипаттауға және еліміздегі ислам тарихын одан әрі зерттеп толықтыруға мүмкіндік береді.