ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ЖЕР МӘСЕЛЕСІ: КҮРДЕЛЕНУІ ЖӘНЕ САЯСИ АСПЕКТІЛЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.62724/202540105Кілт сөздер:
Жер мәселесі, Мемлекеттік Дума, қазақ зиялылары, отарлық саясат, аграрлық реформа.Аңдатпа
Бұл мақалада ХХ ғасырдың басында қазақ даласында орын алған жер мәселесінің тарихи және саяси маңызы кең ауқымда талданады. Ресей империясының отарлық аграрлық саясаты қазақтардың дәстүрлі жер иелену және көші-қон жүйесіне елеулі өзгерістер енгізіп, ауыл шаруашылығындағы теңгерімнің бұзылуына, әлеуметтік шиеленістер мен жерге қатысты даулардың күрт өсуіне себеп болды. Мақалада бұл мәселенің ресми түрде көтерілу барысы мен қазақ зиялыларының ұстанымдары нақты мұрағаттық деректер мен баспасөз материалдары арқылы сараланады. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді зиялылардың аграрлық реформаға байланысты ұсыныстары мен саяси қызметі арқылы қазақ халқының жерге қатысты құқығын қорғау жолындағы күресі айқындалады. Зерттеу нәтижесінде қазақ жер мәселесінің қоғамдық-саяси кеңістікте қалай көрініс тапқаны және қазіргі Қазақстандағы жер саясатына тарихи алғышарт ретінде ықпал еткені көрсетіледі.Сонымен қатар мақалада отарлық әкімшілік тарапынан жүргізілген жерге орналастыру шараларының салдарына талдау жасалып, бұл үрдістің қазақ ауылдарының әлеуметтік құрылымына, көшпелі шаруашылықтың күйреуіне және табиғи ортаға тигізген әсері де көрсетіледі. Зерттеу барысында қазақ қоғамында қалыптасқан жер қатынастарының құқықтық тұрғыда өзгеріске ұшырауы, жердің «мемлекеттік меншікке» айналуы және бұл үрдістің халық санасындағы отарлық қысымды күшейткендігі айқындалады. Автор қазақ жер мәселесінің этноәлеуметтік салдарына, соның ішінде отарлық езгіге қарсы ұлттық сана-сезімнің оянуына және саяси белсенділіктің артуына ықпал еткенін де жан-жақты баяндайды. Мақала қазіргі тарихи-публицистикалық зерттеулер тұрғысынан бағалы тың деректерге сүйене отырып, ХХ ғасырдың басындағы жер дауының түпкі себептері мен салдарын ғылыми негізде ашады.