ҚОЛДАНЫЛҒАН МОТОР МАЙЛАРЫН ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ
DOI:
https://doi.org/10.62724/202620605Кілт сөздер:
қолданылған мотор майы, қайта өңдеу, регенерация, отын, көмірсутектер, тұтқырлық, ауыр металдар, экологиялық қауіпсіздік, физика-химиялық қасиеттер, қалдықтарды кәдеге жаратуАңдатпа
Қазіргі уақытта қолданылған мотор майларының көлемінің артуы қоршаған ортаның ластануы мен табиғи ресурстардың сарқылуы мәселелерін өзекті етіп отыр. Қолданылған мотор майлары құрамында көмірсутектермен қатар тотығу өнімдері, механикалық қоспалар, ауыр металдар және басқа да ластаушы заттар болады. Сондықтан оларды қауіпсіз жинау, қайта өңдеу және тиімді пайдалану экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақалада қолданылған мотор майларының физика-химиялық қасиеттері зерттеліп, оларды қайта өңдеу және отын ретінде пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды. Зерттеу нысаны ретінде автокөлік құралдарынан алынған қолданылған мотор майлары пайдаланылды. Зерттеу барысында майлардың негізгі сапалық көрсеткіштері анықталып, олардың қолданыстағы стандарт талаптарына сәйкестігі бағаланды. Нәтижелер бойынша қолданылған мотор майының кинематикалық тұтқырлығы 9,5 мм²/с, тығыздығы 0,9001 г/см³, оталу температурасы 165°С екендігі анықталды. Сонымен қатар май құрамындағы мыс, мырыш, темір және кадмий мөлшері зерттеліп, қорғасынның анықталмағаны көрсетілді. Алынған мәліметтер қолданылған мотор майларының құрамында энергетикалық құндылығы жоғары көмірсутекті компоненттердің сақталатынын дәлелдеді. Әдеби деректер мен тәжірибелік нәтижелерді талдау негізінде қолданылған майларды коагуляциялау, адсорбциялау, регенерациялау және термиялық өңдеу әдістері арқылы тазартудың тиімділігі көрсетілді. Зерттеу нәтижелері қолданылған мотор майларын алдын ала өңдеу арқылы қазандық отыны немесе көмірсутекті отын компоненті ретінде пайдалануға болатынын көрсетті. Бұл тәсіл мұнай ресурстарын үнемдеуге, өндірістік қалдықтардың көлемін азайтуға және қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді