1930 ЖЫЛДАРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ БОСҚЫНШЫЛЫҚТЫҢ ТАРИХЫ
DOI:
https://doi.org/10.62724/202440106Кілт сөздер:
Ақтөбе, кеңестік саясат, көшпелілер, ашаршылық, босқын, ауа көшу.Аңдатпа
Бұл мақала Ақтөбе өңіріндегі 1930 жылдардың басындағы босқыншылықтың тарихын зерделеуге арналған. 30-жылдардың басындағы қазақ халқының босқыншылығы отандық тарихтағы өзекті мәселелердің бірі. Қазақ халқының босқыншылығы кеңес үкіметі жүргізген саяси-шаруашылық науқандардың, соның нәтижесіндегі ашаршылықтың тікелей салдары болды. Мақаланың мақсаты осы өңірдегі босқыншылықтың жүру барысын зерттеу, сол қасіретті жылдардың өлке тарихындағы алатын орны мен маңызына тарихи баға беру. Мақала аясындағы зерттеу нәтижесінде Ақтөбе өңіріндегі босқыншылықтың себептері, жүру барысы, ауқымы, кезеңдік ерекшеліктері, босқындардың саны, көші-қон бағыттары, үкімет органдарының ашаршылық пен босқыншылыққа көзқарастары, қабылдаған іс-шаралары, оның нәтижелері анықталды.
Мақала ұлттық көзқарас тұрғысынан тарихилық, объективтілік принциптерді басшылыққа ала отырып жазылды. Қазақтардың босқыншылығының себептерін, жүру барысын, кезеңдік ерекшеліктерін зерттеу барысында проблемалық-хронологиялық әдіс басшылыққа алынды. Сол сияқты зерттеу барысында тарих ғылымындағы жалпылау, талдау, салыстырмалы-тарихи, тарихи-генетикалық, ретроспективтік, статистикалық әдістер қолданылды. Ол әдістер арқылы босқыншылықтың пайда болу себептерін, басталу, шарықтау және аяқталу мерзімдерін, оның ауқымын, босқындар санын, үкімет органдарының ұстанымдары мен саясатын анықтадық. Зерттеу нәтижесінде алынған қорытындылар маңызды болып табылады, оларды өлке тарихын оқытуда пайдалануға болады.